Рецензиялау тәртібі

Журналда жарияланатын ғылыми мақалалар міндетті түрде рецензиялау рәсімінен өтеді. Мақалаға рецензияны зерттеу тақырыбына сәйкес келетін тәуелсіз ғалым дайындайды. Мақаланы рецензиялау мерзімі бір айдан аспауы тиіс.

Егер рецензияда мақаланы толықтыру немесе түзету жөнінде ұсыныстар берілген жағдайда, редакция рецензия мәтінін авторға толық көлемде жолдайды. Автор ескертулерді ескеріп, мақаланы қайта өңдегеннен кейін ол қайтадан рецензиялауға ұсынылады. Рецензент мақаланы жариялауға қолдау білдірмеген жағдайда, қолжазба қайта қарауға қабылданбайды.

Халықаралық ғылыми қауымдастықта қабылданған ғылыми этика қағидаларын сақтау және ғылыми жарияланым үдерісінде орын алуы мүмкін кез келген бұзушылықтардың алдын алу мақсатында редакция алқасына ұсынылған әрбір қолжазба зерттеу бағытына сәйкес екі жақты "құпия" рецензиялаудан өтеді. Рецензенттер қатарына журналдың редакция алқасының мүшелерімен қатар, тиісті ғылыми салада терең білімі мен жоғары ғылыми беделі бар сыртқы тәуелсіз сарапшылар тартылады.

Автор мен рецензенттер арасында пікір қайшылығы туындаған жағдайда, редакция мақаланы қосымша немесе қайта рецензиялау үшін басқа маманға жіберуге құқылы. Егер автор рецензенттердің ұсыныстары мен ескертулерін ескермеген немесе қабылдамаған жағдайда, редакциялық алқа мақаланы жариялаудан бас тартуы мүмкін.

Оң қорытынды алған қолжазбалар әдеби және техникалық редакциялау кезеңіне жіберіледі. Мақаланың жариялануға қабылдануы туралы түпкілікті шешімді редакциялық алқаның ұсыныстары негізінде журналдың бас редакторы қабылдайды. Жариялау туралы шешім қабылданғаннан кейін бас редактор авторға бұл жөнінде хабарлап, мақаланың болжамды жариялану мерзімін көрсетеді.

Рецензиялау үдерісіне редакциялық алқа мүшелерімен қатар, ғылыми ойдың дамуына елеулі үлес қосқан, Қазақстанда және шетелде ғылыми мектептері мен ізбасарлары қалыптасқан жетекші ғалымдар тартылады. Атап айтқанда, Ясауитану, тарих, өнертану, музей ісі, мәдениеттану, түркология, философия, филология және педагогика ғылымдарының әртүрлі бағыттары бойынша халықаралық деңгейде танылған зерттеушілер, сондай-ақ осы салаларда ғылыми жарияланымдары бар, ғылыми қауымдастықта жоғары бағаланатын мамандар қатысады.

Рецензенттердің құрамы тұрақты емес және қажет болған жағдайда жыл сайын жаңартылып отырады. Рецензиялау барысында өздеріне жүктелген міндеттерді тиісті деңгейде орындамаған жағдайда, рецензенттерді ротациялау жүзеге асырылады.

Рецензенттердің құқықтары мен міндеттері

Рецензент ұсынылған мақала бойынша оң қорытынды беру мүмкін болмаған жағдайда, оның себептерін негіздей отырып, рецензия жазудан бас тартуға құқылы.

Рецензенттің негізгі міндеттері мыналар болып табылады:

  • ұсынылған ғылыми мақалаға жан-жақты, сапалы және объективті рецензиялық сараптама жүргізу;
  • рецензиялауға берген келісімін растайтын құжаттың сканерленген нұсқасын белгіленген мерзімде электрондық пошта арқылы жолдау.

Рецензент келесі критерийлер бойынша бағалау жүргізеді:

  • мақаланың мазмұнының ұсынылған тақырыпқа сәйкестік деңгейі;
  • зерттеу тақырыбының ғылыми өзектілігі;
  • ғылыми мәселенің нақты әрі негізді қойылуы;
  • автор ұсынған ғылыми жаңалықтың және зерттеу нәтижелерінің жаңашылдығы;
  • қарастырылып отырған мәселені шешудің тиімді әрі қолжетімді жолдарының ұсынылуы;
  • зерттеу нәтижелерінің бастапқы ғылыми ізденістермен және алынған деректермен сәйкестігі;
  • қолданылған терминологияның бірізділігі мен ғылыми дәлдігі;
  • автордың зерттеліп отырған мәселе бойынша ғылыми әдебиеттерді және халықаралық тәжірибені меңгеру деңгейі;
  • мәтіннің ғылыми стильге сәйкестігі, тілінің нақтылығы мен түсініктілігі, сондай-ақ қажет болған жағдайда қосымша ғылыми және әдеби редакциялаудың қажеттілігі.

Рецензияға қойылатын талаптар

Рецензияда нақты әрі негізделген қорытындылар берілуі тиіс. Атап айтқанда, рецензияда төмендегі мәселелер қамтылуы қажет:

  • қарастырылып отырған мәселе бойынша бұрын жарияланған ғылыми әдебиеттерге шолу негізінде мақаланы жариялаудың қажеттілігі туралы пікір;
  • автор тарапынан енгізілуі тиіс түзетулер мен толықтырулар, сондай-ақ мақалада анықталған кемшіліктер жөніндегі ескертулер;
  • мақаланы жариялау мүмкіндігі туралы қорытынды шешім: "жариялауға ұсынылады", "анықталған кемшіліктерді түзету шартымен жариялауға ұсынылады" немесе "жариялауға ұсынылмайды".

Рецензия құжатына рецензенттің қолы қойылып, оның жұмыс орны болып табылатын мекеменің мөрімен расталуы тиіс.